Қазақша
математиктер сайты

Назарбай Қыдырұлы Білиев

Назарбай Қыдырұлы Білиев
Фотоальбом
18:02, 17 маусын 2012
4 177
0

Назарбай Қыдырұлы Білиев – белгілі ғалым – математик, математикалық физиканың дифференциалдық теңдеулері мен функционалдық анализ салаларында маман, оның жалпыланған аналитикалық функциялар, математикалық физика теңдеулерінің шеттік есептері, функционалдық кеңіс-тіктердегі ерекше интегралдық теңдеулер теориясына қосқан үлестері өте зор.


Н.Қ.Білиев 1935 жылыдың 15 қыркүйегінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Жарқамыс поселкесінде қызметкер жанұясында дүниеге келген. 1952 жылы Жарқамыс орта мектебін бітірді. Ол мектептегі кезінде геолог болсам деп армандайтын, бірақ 10 класс үлкен өзгеріс әкелді. Сол жылы математика пәндерін мектепке жаңадан келген оқытушы Жақия Жүсібалиев жүргізді. Ол кісі Орал пединститутын бітірген, уақытында белгілі математик, Қазақ ССРы Ғылым академиясының академигі А.Д.Таймановпен бірге оқып, Москва аспирантурасына жолдама алыпты, бірақ жағдайы көтермегендіктен оқуын жалғастыра алмапты. Сол кісі Білиевтің математикалық мүмкіндіктерін аңғарып, оны бір жыл дайындап, соңында университеттің математика бөліміне түсуін талап етеді.


Н.Қ.Білиев 1952 жылы ҚазМУдің физика – математика факультетінің математика бөліміне оқуға түсті. Университетте оқып жүргенде профессор К.П.Персидскийдің, доценттер Х.И.Ибрашев, М.Я.Ятаев, Ш.М.Еникеев, Г.Н.Багаудиновтың дәрістерін ерекше қабылдады. К.П.Персидскийдің басшылығымен орнықтылық теориясы бойынша дипломдық жұмыс жазды.


1957 жылы Университетті өте жақсы бітіріп, ССРО Ғылым академиясының (Москвадағы) В.А.Стеклов атындағы Математика институтының (ҒА МИ) аспирантурасына түсуге ұсыныс алды. Бірақ сол кезде жасы үлкейген, өзін бағып өсірген, аса қымбат сүйікті әжесі Баян Еділова алдындағы балалық парызын атқарып үлгерсем деген оймен Гурьев пединститутына (қазіргі Атырау университеті) жолдама алды. Ол кезде Гурьев пединститутында оқытушы кадрлар жетісіңкіремейтін еді, сондықтан 1960 жылға дейін оқытушы және аға оқытушы қызметтерін атқарып, математикалық пәндердің көбін қамтыды – аналитикалық және жоғарғы геометрия, нақты және комплекс шамалардың функциялары теориясы, дифференциалдық теңдеулер бойынша дәрістер оқып, басқа да жұмыстар істеді.


1960 жылы Н.Қ.Білиев Москваға барып ССРО ҒА МИ аспирантурасына түсті. Оның бірінші ғылыми жетекшісі физика – математика ғылымдарының кандидаты (көп ұзамай докторы) В.С.Виноградов болды. Ол ССРО Ғылым академиясының академигі И.Н.Векуаның оқушысы және онымен ғылыми байланыстағы адам болатын. Н.Қ.Білиев алғашқы ғылыми зерттеулерін эллиптикалық дифференциалдық теңдеулердің коэффициенттерінің ерекше нүктелерінің маңайындағы шешімдерінің қасиеттерін зерттеуден бастады. Мұндай ерекше нүктелерді теңдеудің түрін (эллиптикалық, гиперболалық т.б.) өзгертетін нүктелер ретінде де қарастыруға болады. Осындай ерекше нүктелердің маңайында бірінші ретті эллиптикалық теңдеулер жүйесінің аналитикалық шешімдерінің болуының қажетті және жеткілікті шарттарын алды. Қарастырылған ерекше нүктелердің маңайында қандай болмасын «жақсы» шешімдердің болуын күту қиын болатын. Сондықтан да, шешімдердің аналитикалық қасиеттерінің болуын дәлелдеу үлкен қиындық еді, және ол ерекше тапқырлықпен қатар аса табандылықты талап етті.
Бұл нәтижелер, геометрияда беттер теориясында қолданыс табатын үзіліссіз шешімдердің болу шарттарын зерттеулерге бастама болды.
Н.Қ.Білиевтің осы нәтижелерін И.Н.Векуа өте жоғары бағалап, оларды Халықаралық конференцияда әдейі атады (I.N. Vekua. On one class of the elliptic systems with singularities. Preceeding of the international Conference on Analisis and Related Topics. Tokyo, April, 1969). Осы кездерден бастап И.Н.Векуамен тығыз творчестволық байланыс басталды.


Бұдан кейінгі зерттеулерінде де Н.Қ.Білиев – эллиптикалық теңдеулер шешімдерінің (топологиялық) «жақсы» қасиеттері теңдеулердің коэффициенттерінен гөрі олардың эллиптикалық табиғатынан көбірек байланысты – деген пікірді ұстады.


1965 жылы «Эллиптикалық жүйелердің түрін өзгертетін ерекше нүктелерінің маңайында аналитикалық шешімдерінің болуы туралы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Сыртқы пікірді ССРО ҒАның Сібірлік бөлімінің Математика институты берді. Оппоненттері – физика–математика ғылымдарының докторлары Қ.Т.Ахмедов (Баку), В.Х. Харасакал (Алма-Ата).


Университеттік курстан белгілі болғандай бір комплекс айнымалының аналитикалық функцияларының теориясы дегеніміз – Коши – Риман жүйесінің теориясы. Ал соңғы жүйенің өзі И.Н.Векуа жалпыланған Коши – Риман (ЖК-Р) жүйесі деп атаған, коэффициенттері айнымалы эллиптикалық жүйенің дербес түрі.


ЖК-Р жүйесінің теориясын жасауға талпыныс ертедегі Бельтрамиде де болған. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында Т.Карлеман және Н.Теодореско ЖК-Р жүйесі шешімдерінің кейбір қасиеттерін эллиптикалық жүйелердің бір дербес түрлерінің шешімдерінен табуға болатынын көрсетті.


Тек қана 50-ші жылдардың басында ғана И.Н.Векуаның зерттеулерінің арқасында ғана коэффициенттері екі айнымалы шамалардан байланысты бірінші реттік дифференциалдық теңдеулердің эллиптикалық жүйелерінің қолданыстары мол толық теориясы жасалды. Ол жалпыланған аналитикалық функциялар (ЖАФ) теориясы деп аталып, – бүтін, , Соболев кеңістіктерінде тұрғызылды да, коэффициенттері z айнымалы шаманың түгел жазықтығында , класында жататын ЖК-Р жүйесінің (белгілі бір мағынада) жалпыланған шешімдерін қамтыды. Шенелген облыстар үшін . Бұл теорияға келу жолының бір түрі белгілі америкалық математик Л.Берсте бар.


1969 жылдың желтоқсанында Н.Қ.Білиевтің семинарда жасаған баяндамасынан кейін, оған И.Н.Векуа маңызды да жауапты ұсыныс жасады. Ол ұсыныс, ЖАФ теориясын әлі қарастырылмаған шеткі жағдайларға мағыналы жалғастыру мүмкіндігін (не мүмкінсіздігін) көрсету еді. Эллиптикалық жүйелердің класында жатқан барлық коэффициенттері үшін теорияның орынсыздығы белгілі еді, бірақ, көрсетілген кластардың, ЖАФ теориясы орынды болатын, меншікті ішкі кеңістіктері болуы мүмкін ғой. Міне осы жағдайды тексеру тапсырылып отыр.


Ол кезде Н.Қ.Білиев ССРО ҒАның академигі С.М.Никольскийдің оқушысы – институт директоры профессор Т.И.Аманов басқаратын лабораторияда аға ғылыми қызметкер болатын. Осындай байланыстардың нәтижесі болар, Н.Қ.Білиев мәселені Никольский – Бесов кеңістіктері шкаласында тексеруді жоспарлады. Бұл кеңістіктерде функциялардың қасиеттерін дәлірек көрсететін қағидалар бар болғанымен, олар әлі де болса айнымалы коэффициенттерлі дифференциалдық теңдеулерді зерттеуге бейімделмеген еді. Н.Қ.Білиев осындай зерттеулерге қажетті мультипликаторлар туралы алғашқы мәліметтерді дәлелдеп, Векуа теориясы орынды болатындай кеңістіктердің параметрлерінің өзара байланыстарын тапты. Міне осы нәтижелерге И.Н.Векуаның институт директоры Т.И.Амановқа бағыттаған пікірінен үзінді келтірейік : «Тбилиси, 23.06. 1971. …Бүгін семинарда жолдас Н.Қ.Білиевтің бізге өте ұнаған баяндамасын тыңдадық. Ол үзіліссіз шешімдері болатын эллиптикалық жүйелердің жаңа класын тапты деп есептеймін. Алынған нәтижелер сөзсіз жариялануы керек және осы бағыттағы зерттеулерді жалғастыру орынды…».


И.Н.Векуа қойған проблема Бесовтың В-кластары шкаласында толық шешімін тапты және ол шешім Соболев кеңістіктерінде берілген Векуа теориясын кеңейтті. Айта кету керек, ЖАФ класының кеңейтілуінің сәттілігі сонда, ол коэффициенттерінің жазық облыстарда интегралдану көрсеткіші болатын В-кеңістіктерінде жатқан дифференциалдық теңдеулердің жалпы жүйелерінің берілген мағынада жалпыланған шешімдерін түгел қамтиды және ондай шешімдердің ішінде интегралданбайтындары да бола тұра, олардың бәріне комплекс айнымалының аналитикалық функцияларының топологиялық қасиеттерінің маңыздылары тән (жалғыздық теоремалар, аргумент принципі т.б.). Көрсетілген эллиптикалық жүйелердің коэффициенттерін қамтитын В-кеңістіктері кеңістігіне кірмейді.


Н.Қ.Білиевтің осы алған нәтижелерінің математиканың әртүрлі салаларында өте маңызды қолданыстары бар. Мысалы, дербес туындылы дифференциалдық теңдеулердің, Риман-Гильберт жалпы есептерінің, түйіндестік және үзіліссіз дифференциалданатын Бельтрами гомеоморфизмі болып табылатын квазиконформдық бейнелеулер есептерінің классикалық шешімдерінің болу шарттары В-кластары тілінде дәлірек беріледі. Сингуляр интегралдық теңдеулер В-кластары тілінде үзіліссіз (Гельдерше болуы шарт емес) функциялар кеңістігінде Нетерше шешіледі. Бұл дағдыға енген іргелі мәселелергеде үлкен өзгеріс.


Дифференциалдық теңдеулер мен шенелген облыстардағы шеттік есептерге тиісті нәтижелер Н.Қ.Білиевтің 1980 жылы Москвада ССРО ҒА МИде қорғаған «Бөлшек кеңістіктерде жазықтықта берілген бірінші ретті дифференциалдық теңдеулердің эллиптикалық жүйелері және шеттік есептер» атты докторлық диссертациясына кірді. Шет пікір жазған ССРО ҒАның Сібір бөлімінің математика институты, опоненттері – ССРО ҒАның мүше-корреспонденті А.В.Бицадзе, Украина ҒАның академигі И.И. Данилюк, физика- математика ғылымдарының докторы, МГУ профессоры, қазір Өзбекстан ҒАның академигі Ш.А.Алимов.


Жалпыланған аналитикалық функциялардың функциялық қасиеттерінің тереңірек зерттелулері мына монографияда берілген: Блиев Н.К. «Обобщенные аналитические функции в дробных пространствах», Алма-Ата, «Наука», 1985.


Бұл монография шетел мамандарынан қызу қолдау тауып, ағылшын тілінде басылуға ұсынылды. Шенелмеген облыстарға тиісті нәтижелер ағылшын тіліндегі белгілі Халықаралық тізімдегі монографияда: Bliev N. «Generalized analytic functions in fractional Spaces» USA, Addison Wesley Lonqman inc., 1997.


Қазіргі уақытта Н.Қ.Білиевтің нәтижелерін мамандар толық қабылдады және алыс шет елдерде де кең қолданыс табуда, болашақта өсе түспек.


Н.Қ.Білиев және оның оқушыларында математикалық физиканың сызықты емес Шредингер, Кортевега-де Фриза, т.б. теңдеулерді солитон арқылы шешу нәтижелеріде көрнекті орын алады.


1963 жылдан бастап Н.Қ.Білиевтің ғылыми қызметі Ұлттық ғылым академиясының Математика және механика институтымен (1965 жылға дейін Сектор) байланысты: 1963 жылдың қазанынан – кіші ғылыми қызметкер, 1966 жылдан – аға ғылыми қызметкер, 1978 жылдан – функционалдық анализ және функциялар теориясы лабораториясын басқарды, 1988 жылы сайлаудан өтіп Институт директоры болды, 2000 жылдан – құрметті директор және (қосымша жұмысы) негізгі ғылыми қызметкер.


1988 жылы директорлық эстафетаны ҚР ҰҒА академигі У.М.Султангазиннің қолынан алып, институттың ғылыми – ұйымдастыру жұмысына өзіне тән үлес қосты. Ол жылдар Совет үкіметінің ыдырауына байланысты қайта құру кезеңі қиындықтарына сәйкес келді. Дегенмен, барлық мүмкіндіктер ұйымдастырылып, тыныш творчестволық атмосфера сақталды, институттың талантты жастары қолдау тапты, ғылыми қызметкерлердің алыс шетелдермен байланысына, Халықаралық ғылыми форумдарға қатынасуға мүмкін болған барлық жағдайлар жасалды. Бұл жұмыстар өз қорытындысын берді, Институт халықаралық деңгейі жөнінен алдыңғы қатарлы ұйымдардың бірі болды. 1995 жылы 11 ғылыми қызметкер СОРОС грантын, 3 ғылыми қызметкер INTAS грантын алды. Әртүрлі Халықаралық математикалық қоғамдардың стипендиаттары болды. 10 ғылыми қызметкер Халықаралық ғылыми ассоциациялардың мүшесі болды. Сол жылы Институт INTAS грантына ие болды. Бірнеше ғылыми қызметкерлердің монографиялары шет елдерде ағылшын тілінде басылды.


Н.Қ.Білиев көп уақытын педагогтік жұмысқа да бөлді, 1964 жылдан бастап Alma mater – ҚазМУде, қазіргі аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде қосымша жұмыста үзбей дәріс берді, 2000 жылдан бастап толық көшіп, функционалдық анализ және ықтималдықтар теориясы кафедрасында қызмет атқарады.


Ғылыми – ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстарға да белсене қатынасады, Ұлттық ғылым академиясының «Известия, серия физико- математическая», аль – Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университетінің «Вестник» журналдарының редколлегиясының, Білім және ғылым министрлігінің Математика институтының докторлық және кандидаттық диссертация кеңесінің мүшесі, 1999 – 2002 жылдары қосымша жұмыста Физика – математика бөлімшесінің академик – хатшысы болды, Республикалық Министрлер кабинетіндегі Терминкомның физика – математика секциясын басқарды, бірнеше кезең ЖАКтың Президиумының, Мемлекеттік силықтар Комитетінің, ҒА президиум мүшесі болды. Ұлттық ғылым академиясының «Известия, серия физико-математическая», Білім және ғылым министрлігінің «Вестник», ҚР энциклопедиясының редколлегия мүшесі, Өзбекстан ғылым академиясының Математика институтының, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің диссертация кеңестерінің мүшесі болды. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Семей қалаларында өткен Халықаралық ғылыми математика форумдарының ұйымдастырушысы, не ұйымдастырушыларының бірі болды.


Н.Қ.Білиев 120 аса ғылыми еңбектер жариялады, оның оқушыларының ішінде 18 ғылым кандидаты, өз оқушылары мен мектептері бар 3 ғылым докторы бар.


Н.Қ.Білиевтің ғылыми қызметі танылуда, 1985 жылы профессорлық атақ алды, 1989 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент – мүшесі болып сайланды, 1996 жылдан Ресей жаратылыс ғылымдарының академиясының академигі, 2004 жылдан Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді, 1999 жылы Халықаралық бірінші дәрежелі Хорезми сыйлығын алды.

Ғылыми және қоғамдық қызметтері үшін Н.К.Білиев ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің, ҚазССР Министрлер Кеңесінің, Қазсовпрофтың, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің СОКП XIX – партконференциясына арналған Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасының егемендігіне 10 жыл» медалдерымен марапатталды.
Н.Қ.Білиев көптеген Халықаралық ғылыми форумдарда баяндамалар жасады, олардың ішінде Математиктердің Халықаралық конгресі (15-23 тамыз 1983, Варшава, Польша), Математиктердің екінші европалық конгресі (21-27 шілде 1996, Будапешт, Венгрия), Европа математикалық қоғамының конференциясы (15-23 маусым 2004, Bedlewo, Польша), т.б. Әртүрлі делегациялар құрамында Дели, Бомбей, Хайдарабад, Мадрас (Индия), Пекин (Қытай), Сеул (Оңтүстік Корея), Стамбул, Анкара, Конья (Түркия), тағы басқа көптеген қалалар мен елдерде болды.



Пікірлер саны (0)
Пікір қалдыру
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Адам екеніңізді дәлелдеңіз:*