Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы
Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы (25.2.1956 жылы туған, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті) – ғалым, физика-математика ғылым докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның корреспондент мүшесі (1995). 1980 – 90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург (1986), Мюнхен (1995 – 96), Билефельд (1996 – 99) университеттерінің профессоры болып, Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында (1997), А.Салам атындағы Халықар теориялық физика орталығында (Италия, 1998, 2001), Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында (1998 – 99), Фильдс атындағы Математика институтында (Канада, 2001) қызмет атқарып, лекциялар оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция корольдік Ғылым Академиясының грантын алған. Ол – 12-сайланған Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Ғылыми дәрежелері
1981 ж. – физика-математика ғылымдарының кандидаты (КСРО ғылым академиясының математика институты, Мәскеу)
1988ж. – физика – математика ғылымдарының докторы (КСРО ғылым академиясының математика институты, Ленинград бөлімі)
1990 ж. - Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры
1995 ж. - ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі
2004 ж. - ҚР ҰҒА-ның академигі
Шетелден алған шақыртулары
1995-1996 жж. - Мюнхен Университеті (18 ай)
1997-1999 жж. - Бильфельд Университеті (4ай)
1997 ж. - Ньютон институты, Кембридж, Ұлыбритания (4 ай)
1998 ж. - Гамбург Университеті (2 ай)
1998, 2001-2003 жж. - Теориялық физиканың халықаралық орталығы (9 ай)
1998-1999 жж. - Миттаг-Лефлер атындағы математика институты, Швеция (9 ай)
1999 ж. - Киото университеті, Жапония (1 ай)
2000-2003 жж. - Стокгольм Университеті, Швеция (9 ай)
2000 ж. - Оксфорд университеті, Ұлыбритания (1 ай)
2001 ж. – Салалар институты, Торонто (1 ай)
2001-2003 жж., 2005 ж. - Франция институты (1 ай)
2002 ж. – Шредингер институты, Вена (1 ай)
2005 ж. - Макс-Планк атындағы математика институты, Бонн (3 ай)
Қазірғі кезде ҚазҰУ-да, ҚБТУ-да және СДУ-да сабақ береді.