Қазақша
математиктер сайты

Ермеков Әлімхан

Ермеков Әлімхан
Фотоальбом
19:24, 17 маусын 2012
5 907
0

Ермеков Әлімхан Әбеуұлы (1891-1970) Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы, Беріктас деген жерде өмірге келді. Әкесі Әбеу халқына қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі. Ол 1911 жылы қайтыс болған. Әлімхан 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектепті үздік бітірген Әлімханды әкесі 1906 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына әкеліп түсіреді. Оны Әлімхан 1912 жылы алтын медальмен бітірді де, осы жылы Том технологиялық институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданады. Бірақ оны түрлі жағдайларға байланысты 1923 жылы ғана бітірді. Зеректігі мен алғырлығы оған математиканы өз бетінше меңгеруге мүмкіндік берді. Математика ғылымы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш профессор да атанды.


Университетте оқып жүргенде-ақ озық ойлы, орыстың белгілі саяхатшысы, Шоқын Уәлихановтың досы Г.Н.Потанинмен, орыс жазушылары В.Я.Шишковпен, В.М.Бахметьевпен, революционер Бауэрмен таныс болды. Олар Әлімханның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Алашорда басшылары Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасовтармен пікірлес болды. Қазақ республикасын құру мен оның территориялық шекарасын белгілеуде зор еңбек сіңірген қоғам қайраткері ғана емес, жастарға білім беруге жан-тәнімен берілген ұлағатты ұстаз. 1921 жылы Ермеков туған жері Қарқаралыға келіп екі басқышты мектеп ашады. Қарқаралы – Ұлытау, Баян өлкесінің жастарына өнер-білім алуға ұйытқы болады. Қызыларай өңірінде бастауыш мектептер ашты. Бұдан кейін әртүрлі жауапты қызметтерде болады. 1926 жылы Ташкентте тұңғыш қазақ педагогика институты ашылғанда, оған Ә.Ермеков алдырылып, математикадан сабақ бергізген институт ректоры Т.Жүргеновпен дос болады. Олар институтты Алматыға ауыстырады. Ол Қазақ Мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Бұдан кейін де бірнеше оқу орнының ашылуына себін тигізіп, онда математикадан сабақтар береді. 1935 жылы Қызылордадан көлемі 10 баспа табақ “Ұлы математика курсын” бастырып шығарды. Бұл – қазақ тілінде тұңғыш жазылған жоғары математика оқулығы. Қазіргі аналитикалық геометрияның, анықтауыштар теориясының көптеген атауларын Ә.Ермеков ұсынған. Кітабында бірінші рет эф, икс, вэ әріптерін пайдаланды. Бұл ойын ол 1930 жылдары Жаңа әліп отырымында талай айтқан-ды. 1935 және 1936 жылдары математикалық сөздерді де жинақтап, басып шығарды. 1992 жылы 10 сәуірде Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясында Ә.Ермековтың туғанына 100 жыл толғанына орай ғылыми конференция болып өтті. Онда профессор Дәулет Үмбетжанұлы “Ә.Ермековтың өмір жолы” атты кең көлемді баяндама жасады. Кейін ол Академия “Хабаршысына ” басылды. Сондай-ақ, осы жолдың авторы “Қазақтың ғылыми математикалық терминологиясының бастауында – профессор Ә.Ә.Ермеков” деген тақырыпта баяндама жасады.


Ә.Ермеков 1938 жылдың ақпанынан бастап 17 наурызына дейінгі аралықта Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушісі болып істеді. Жалақорлардың жазған бірнеше арызынан кейін, әскери трибунал Ә.Ермековты 10 жылға түрмеге қамады. Одан 1947 жылдың басында босанды. 1947 жылдың 15 тамызынан Шымкент технологиялық институты математика кафедрасының меңгерушісі болып ұстаздығын қайта жалғастырды. Қаламын қолына алып, терминология мәселесін қайта қозғады. Амал не, осы жылы түрмеге қамалып, одан 1955 жылы босанып, 1957 толық ақталды. Осыдан кейін ол Қарағандыға қоныс аударып, Қарағанды тау-кен институтында қызмет істеді. Математиканы білмейтіндерге екіден басқа баға қоймайтын турашыл азамат әйелі Рахила 1960 жылы қайтыс болды. Өз қолымен толтырған құжаттарында орыс, латын, ағылшын, француз, неміс және итальян тілдерінде еркін сөйлейтіндігін жазған. Мұны біз өз оқулығында берген түсініктемелерінен де байқаймыз. Ә.Ермековтың жалғыз ұлы Мағауия – профессор, геология-минерология ғылымының докторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал қызы Раушан – инженер, Бакуде тұрады, ағасының баласы Мүсілім – ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА корреспондент мүшесі, ал қарындасы Бопан ғылым кандидаты, доцент. С.Торайғыров “Таныстыру” деген ертеде шығарған бір өлеңінде Ә.Ермековты жақсы сипаттайды.


“Оқу және әдістемелік әдебиеттері жөніндегі Республикалық баспа кабинеті” проф. Әбеуұлы Әлімханның “Ұлы математика курсын ” 1955 жылы қайта басып шығарды. Баспаға дайындаған ғылым кандидаты Ш.Біләлов.



Пікірлер саны (0)
Пікір қалдыру
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Адам екеніңізді дәлелдеңіз:*