Қазақша
математиктер сайты

Нұрлан Темірғалиұлы

Нұрлан Темірғалиұлы
Фотоальбом
19:27, 17 маусын 2012
5 056
0

Нұрлан Темірғалиұлы Темірғалиев – математик, физика-математика ғылымдарының докторы (1991), профессор (1991), кафедра меңгерушісі (1992 жылдан). Ол Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы орталығы Калмыковода қаңтардың 13-де өмірге келген. Әкесі Темірғали мен шешесі қарапайым адамдар. Әкесі бір кездерде колхозда есепші, бухгалтер болған. Ол кісі 82 жасында 1983 жылы қайтыс болса, шешесі Айдай 1909-1985 жылдары өмір сүрген. 1953 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауданына қарасты Бөрілі орта мектебінің бірінші класына барып, мұнда екі жыл оқығаннан кейін, Тайпаққа көшіп келіп, Калмыково үлгі орта мектебін алтын медальмен бітірді. Бұл 1964 жыл болатын. Осы жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны үздік бітіргеннен кейін В.А.Стеклов атындағы математикалық институт аспирантурасында 1972 жылға дейін оқыды. Сол жылы Россия Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Петр Лавреньтевич Ульяновтың жетекшілігімен «Қатарлардың кейбір қасиеттері және енгізу теоремалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.


Сөйтіп, Москвадан Алматыға жолдама алып, аз ғана уақыт Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясында қызмет істеді де ұстаздық қызметке ауысты. Нұрлан 1974 жылдан үзбей әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетте қызмет етіп келеді. Ол аға оқытушылыққа қабылданып, доцент, профессор атақтарына кір келтірмей, аялап келеді. Осы жылдар ішінде елу шақты ғылыми еңбек жазып, бес ғылым кандидатын даярлады. Қазір он аспирантқа жетекші.(1996 жыл). Оның докторлық диссертациясы «Об эффективности алгоритмов численного интегрирования и восстановления функций многих переменных» деп аталады. Оны жас ғалым Москвадағы Стеклов атындағы математикалық институтта қорғады. Сенімшілері: физика-математика ғылымдарының докторлары, профессорлар В.Н.Тепляков, М.М.Сктиганов, Н.А.Бобылевтар. Олар Нұрлан Темірғалиұлының дүниежүзі математиктерінің ширек ғасырдан бері шеше алмай келе жатқан проблеманы шешкендігін бір ауыздан мойындады. Бұл мәселемен орыс математигі Н.М.Коробуов, Қытай Ғылым Академиясының вице-президенті Хуа Ло-Кен, неміс математигі Э.Хлавка айналысқандығын көпшілікке паш ете отырып, Нұрлан Темірғалиұлы, бұл мәселені Америкада шығатын «Қазіргі математика» журналының сандық интегралдаудың өзекті мәселесі екендігін есептегенін, өзінің соны шешкендігін мақтан етеді. 1995 жылы Назарбай Блиев бастаған топ Сергей Михайлович Никольскийдің тоқсан жылдығын тойлауға келгенде, көпшілік алдында Қазақстан математикасының жетістіктерін атай келіп, Нұрлан Темірғалиұлын «ұлы математик» екендігін өз аузынан айтты. Бұған Қазақстан математиктері де қуанады. Ғалымның нәтижелері есептеу математикасында қолданылатындығы оның өміршеңдігін дәлелдейді. Нұрлан Темірғалиев Қазақстандағы математикалық білімді жетілдіруге бар күш-жігерін салып, сол үшін күресуде. Ол ауық-ауық газет-журнал беттерінде бұл туралы пікірін айтып, оны дәлелдейді. Ол кейінгі жылдары кадрларды даярлау сапасы республика бойынша төмендеп, оқу-құралдары жетіспей, оқыту мазмұнына біріңғай талап қойылмайды деген өз дәлелдерін айтады. Математикалық білімді жақсартудың бір жолы ретінде ғалым үш томдық «Математикалық анализін» жазды. Оның бірінші томы 1987 жылы «Рауан» баспасынан, екінші томы «Ана тілі» баспасынан 1991жылы, үшінші томы «Білім» баспасынан 1996 жылы шықты. Бұлар математикалық анализден жазылған кейінгі жылдардығы қомақты еңбек. Онда дәстүрлік материалдар мен жаңа теориялар байланыстырыла, әдістемелік жағынан ұстамды жазылған оқулық. Математикалық терминологияны жасаудың халықаралық тәжірибесін қатаң ұстанған автор өз кемшілігін түзетуден қорықпайды. Адамгершілігі мол, қарапайым да әңгімешіл ғалым, ескі тарихты қазіргімен байланыстырудыжақтайды. Шәкірттеріне жағдай жасап, олардың хал жағдайын білгісі келіп, бірге жүреді.



Пікірлер саны (0)
Пікір қалдыру
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Адам екеніңізді дәлелдеңіз:*