Қазақша
математиктер сайты

Асан Дабысұлы

Асан Дабысұлы
Фотоальбом
19:29, 17 маусын 2012
6 949
0

Асан Дабысұлы Тайманов (1917-1989) – белгілі қазақ математигі, физика-математика ғылымдарының докторы (1961), Қазақ ССР ҒА-ның академигі (1962), Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол Орал облысы, Орда ауданы, Бейсен ауылында туған. Он жастағы Асан мұғалім Ахметфаиз Тажетдинов көмегімен орда кеңшарындағы балалар үйіне орналастырылып, тәрбиеленеді. Кейін педагогикалық училищеге айналдырылған Сломихиндегі шаруа жастар мектебінде оқыды. Оны үздік бітіріп, 1933 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына түсіп, оны бітіргеннен кейін математика кафедрасының кіші мұғалімдігіне қалдырылды. Осы мезгілде М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті механика-математика факультетінің сырттай оқыту бөліміне емтихан тапсырып, студент атанады. Оның үшінші курсын бітіргеннен кейін, 1938 жылы А.Д.Тайманов Ленин атындағы Москваның мемлекеттік педагогикалық институтының аспирантурасында 1941 жылға дейін оқыды. Оны екінші рет 1945-1947 жылдар арасында қайта оқыды. Аспирантурада алғашқы оқып жүрген кезде көрнекті математик, ірі педагог А.Я.Хинчин алғыр Асан Дабысұлына көңіл бөліп, ұлы математик болуына қамқорлық жасады. Осы жылдары орыстың атақты математиктері А.А.Ляпунов, П.С. Александров, Л.В.Келдыш, В.В.Степанов, М.Б.Бебутов, Ф.Р.Гантмахер және басқалар ұйымдастырған түрлі-түрлі ғылыми семинарларды қалт жібермей, ғылыми талас пен талдаулардың ортасында болды. Өзі де түрлі тақырыпта баяндамалар жасап, өз өресін де байқап, көрді. Енді ғана сенім мен беделге ие бола бергенде, ел дүрлігіп, қанды соғыс басталып-ақ кетті. Соғысты Пруссияда аяқтады.


- Біз Отанды қорғасақ, мені математика қорғады,- деп, қалжыңдайды күйеу баласына. Бұл сөзді мен 1981 жылы Қарағанды конференциясына қатысқан кезде, Қарқаралы тауының баурайында бәріміз бірге жүрген кезде естідім.


Соғыстан 1945 жылы оралғаннан кейін, А.Д.Тайманов аспирантураға қайта оралып, ұстаздарының семинарларына қатысты. П.С.Новиков, Л.В.Келдыш және А.А.Ляпуновтың жетекшілігімен топология мәселелерімен айналысып, іргелі-іргелі нәтижелер алды. Осы нәтижелер негізінде 1947 жылы «Байланыссыз жиындардың дерлік құраушылары» тақырыбында физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. Академик П.С.Александров бұл ғылыми жұмыстардағы табыстарды атай келіп, «математикадағы іргелі табыстардың бірі, әлі де қомақты зерттеулер күтеміз»,- деуі шын жараған тұлпардың басып қоя берумен бірдей еді.
Қазақстанның шақыруымен Асан Дабысұлы 1947 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтына қызметке келді. Мұнда ол физика-математика факультетінде математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Онда ол 1954 жылға дейін болды. Бұл кезде ол қалалық және облыстық алғашқы олимпиадалық олимпиадаларды өткізуді жолға қоя бастады. 1951 жылы ашық бейнелеулерде В – жиындардың кластарын сақтау жөніндегі неміс математигі Хаусдорф проблемасы бойынша зерттеулер тобын жүргізіп, ақтық нәтижелер алды. Тайманов теоремасына сүйенгендер бірінен соң бірі ірі табыстарға жетті. Соның негізінде дүниенің төрт бұрышына әйгілі Тайманов-Сент-Раймонд-Чобан теоремасы тұжырымдалды. Бұдан әрі Тайманов өз жаңалықтарымен жиі дүр сілкінтіп отырды. Жүйрік қаламы 1954 жылы жазбай, туған жерге сыймай, Шуя, Иванов жаққа кетіп қалды. Ол жақта қайта тұтанып, жалындап жанып, жалынымен дүниені орап алды. 1955-1960жылдар арасында 20 ғылыми еңбек жарық көрді. 1956 жыл. Бұл Асан Дабысұлы Таймановтың өміріне өзгеріс әкелген жыл. Мінбеде А.Д.Тайманов. Сырттай естігені болмаса, еңбектерін талайлары түсінбей, бастары қатқаны болмаса, өзімен жүзбе-жүз кездесіп отырғаны осы.


Кішкене ғана бойлы, қапсағай, терең ойлы көзді, қарапайым ғана киінген, шашын сәл ғана сол жағына тараған, сол көзі оң көзінен сәл үлкендеу, миығынан күліп тұрғандай белгісі болғанымен, ойы көзұшында жатқан адамды көргендер, Тайманов осы ма деп қалды. Күш атасын танымас деген осы. Міне, осы кездесуден кейін-ақ, өзінің ғылыми бағытын модельдер теориясына арнады. Өзінің айналысып жүрген дескриптивтік жиындар теориясының көзқарастарын модельдер теориясының талай проблемаларына пайдаланып, Таймановтық индуктивтік процесті ашты, Тайманов критерийін ашты. «Балаңды оқуға Ордаға бер, Ордаға бермесең молдаға бер» деген қанатты сөздің Файз аталардың беделін көрсетпей ме?! Файз атадан кімдерді мақтаныш етесің? Дегенде ол: -Е, ондай шәкірттер көп қой, қайсы бірін айтарсыз, сонда да болса кейбіреулерін айтайын, – деді. Сонда Темір Мусин, Ахмедияр Құсайынов, Қарасай Сариев, Асан Тайманов, Ақырым Ыдырысов, Базарбай Жұманиязов деп шұбырта жөнелді. Атаса атағандай-ақ. Бәрі де ел мақтанышы. Бұл оқиға 1982 жылы болған еді.


1960 жыл да Асан Дабысұлына жайлы жыл болды. «Жоғары алгебра» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер атағы берілді. Ондай атақ ілуде біреуге беріледі. Бұдан әргі Тайманов жолы СССР Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесімен байланысты. Мұнда ол Математика институтында және Новосибирск университетінде қызмет істеді. Математика институтында 1968 жылға дейін жұмыс істеп, математика бойынша кадрларды даярлауда елеулі қызмет атқарды. Мәселен, оның ұсынысы бойынша университетте қазақ тобы ашылып, Қазақстан үшін көптеген мамандар даярлады. А.Д.Тайманов 1961жылы ғылым докторы болса, 1962 жылдан академик. 1968 жылы ол Алматыға шақырылды, бірақ ол 1970 жылы қайта Сібірге оралды. Асан Дабысұлы 107 ғылыми еңбек жазып, бірнеше ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Асан Дабысұлы математикалық логикадан ұйымдастырылған он төрт халықаралық конгрестің жетекшісі болды. Мұндай құрметке дүниежүзінде бірде-бір математиктің қолы жетпеген. Ол математиктер бекзадасы. Өзінің ақтық тілегімен Москвада жерленген .



Пікірлер саны (0)
Пікір қалдыру
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Адам екеніңізді дәлелдеңіз:*